Алматыда полиция қызметкерлері есірткі жарнамасын таратқан күдіктілерді ұстады
Алматыда полиция қызметкерлері есірткі жарнамасын таратқан жігіттерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абылай хан даңғылының бойында Алматы патрульдік полициясының қызметкерлері бағаналар мен құрылыс нысандарына парақшалар жапсырып жүрген екі ер адамды байқады.
“Буран-057” экипажы күдікті адамдарды тексерді. Олардың қолында “жылдам әрі жоғары ақы төленетін” жұмыс туралы жарнамалық парақшалар болған. Шын мәнінде, бұл ұсыныстар қылмыстық сипатта: жұмыс берушілер деп аталатындар мүдделі адамдарға есірткі курьері болуды ұсынады. Жедел тергеу тобы парақшалар мен басқа да айғақ заттарды тәркіледі. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізіп жатыр.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.
ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.