Алматыда полиция қызметкерлері үстел теннисін ойнады
Алматыда полиция қызметкерлері үстел теннисін ойнады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Үстел теннисі – алматылық тәртіп сақшыларының спорттық өміріндегі жаңалық, бұл игі дәстүрге айналып, тенниспен кәсіби деңгейде айналысатын ұрпақ тәрбиелеуге септігін тигізеді.
– Қазақстан Республикасының Конституциясы күнін мерекелеу қарсаңында біздің департаментте турнир өткізілді, оған қызмет пен бөлімшелердің 26 қызметкері 14 команда құрамында қатысты. Әріптестеріміздің арасында ракетканы ептілікпен қолданатындардың бар екендігі қуантады. Шара қорытындысы бойынша үздік ойыншылар анықталды. Міне, осы қызметкерлер ішкі істер органдарында спорттың осы түрін кеңінен насихаттауға атсалысатын болады, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков.
Бірінші орынды ЖҚАЖ-да қызмет ететін Бауыржан Советов иеленді. Екінші орын Арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасының қызметкері Жандос Нұрлыкешовке бұйырды. Үшінші жүлделі орын Алатау аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Айдос Бекішовке берілді.