Алматыда полиция қызметкерлері жастар көп шоғырланатын орындарда ауқымды акция өткізді
"Қауіпсіз жол" ЖПІШ аясында Алматы қаласында 50 полиция қызметкері электросамокатпен патрульдеуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұған дейін хабарланғандай, 15–30 қыркүйек аралығында Алматы қаласында республикалық "Қауіпсіз жол" жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның басты мақсаты – қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейту, құқықтық тәртіпті нығайту және жол қозғалысына қатысушылардың құқықтық мәдениетін арттыру. Ерекше назар микромобильді көлік құралдарын, әсіресе электросамокаттарды пайдаланушылар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға аударылуда.
Полицияның саптық бөлімшелерінің қызметкерлері жастар көп шоғырланатын орындарда ауқымды науқан өткізді. Патрульдеуге 50 электросамокатты пайдаланатын полицей жұмылдырылды. Бұл тәртіп бұзушылықтарға жедел әрекет етуге және тұрғындарға жақын болуға мүмкіндік береді.
- 2025 жыл – Профилактика жылы деп жарияланды. Осыған сәйкес, біз Мемлекет басшысы жариялаған “Заң және тәртіп” қағидатын дәйекті түрде іске асырып келеміз. Біздің мақсатымыз – тек құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алу және белсенді құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Әрбір микромобильді көлік құралын пайдаланушы өз қауіпсіздігі мен айналасындағы адамдардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс, – деді Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.