Алматыда полиция қызметкерлерінің балалары фестивальде өз өнерлерін көрсетті
Алматыда полиция қызметкерлерінің балалары “Бақытты балдаурен” фестивалінде өз өнерлерін көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Халықаралық балаларды қорғау күнінде балаларға арналған шығармашылық ойын-сауық ұйымдастырылды. Алматы полиция департаментінде “Бақытты балдәурен” фестивалі өтті. Оған 5 пен 15 жас аралығындағы таланттар қатысты. Олар – Алматы полициясы қызметкерлерінің балалары.
Фестиваль екі турдан өтті, оның бірінде өз отбасы туралы шығармашылық бейнеролик дайындау болды.
– Бұл мереке әрқашан қуанышқа, шаттыққа, күлкіге толы. Біздің өміріміздегі ең қымбат нәрсе – ол балалар, біз оларға бар жылуымызды, бар махаббатымызды береміз. Олардың қалай өсетіні, сондай-ақ қандай әлемде өмір сүретіні бізге, ересектерге байланысты. Алматылық полиция қызметкерлерінің отбасында түрлі байқаулардың, фестивальдердің жеңімпаздары атанып жүрген дарынды балалардың өсіп жатқанын мақтан тұтамыз. Балаларының дені сау, бақытты болып өсуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқан олардың ата-аналарына және өз ісінің мамандары, балалардың лайықты білім алып, жетістікке жетіп, өзін-өзі танытуына көмектесіп жатқан ұстаздарға алғысымызды білдіреміз. Балаларын жылулық пен қамқорлықпен тәрбиелеп отырған көп балалы отбасыларға ерекше алғыс айтамыз. Шаңырақтарыңызда әрқашан өзара түсіністік, сенім мен келісім орнасын! Ал сіздерге айтарым қымбатты балалар, жазғы демалыстарыңыз әсерлі, жарқын болсын және ең асыл армандарыңыз орындалсын!, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.
Фестиваль қорытындысы бойынша бірінші орынды Абайдың қара сөздерін мәнерлеп оқыған Ақжүрек Отангелді иеленді. Екінші орынды қазақтың халық биін орындаған Айару Жолдыбай иеленді. Үшінші орынды “Әлқиса”күйін шебер орындаған – Әсен Әбілбаев пен Айғаным Асылханова иеленді.
“Көрермен көзайымы” аталымында ағайынды Диас пен Мирас Аббазбектер жеңіске жетсе, “Өнерлі бала” аталымында Еркебұланқызы Раяна үздік атанды. Ұйымдастырушылар “Бақытты Балдәурен” фестивалінің жеңімпаздары мен барлық қатысушыларына дипломдар, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті.