Алматыда полиция "Сатып алушы" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді
Шаһарда полиция қызметкерлері "Сатып алушы" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында Медеу ауданы аумағында ұрланған мүлікті сатып алумен айналысқан 22 адам анықталып, полиция бөлімшелеріне жеткізілді. Әрбір дерек бойынша тексерулер жүргізілді.
Криминалдық полицияның мәліметінше, жыл басынан бері Алматы қаласында қалта ұрлығы 2,3 есеге азайған. Сонымен қатар бөтеннің мүлкін ұрлау деректерінің ашылуы жақсарған. Телефон ұрлығы екі есеге жуық төмендеген. Бұл бағыттағы қылмыстардың ашылу деңгейі де 19,4% артқан.
- Біз жүргізіп жатқан барлық іс-шара Қазақстан Республикасы ІІМ-нің 2024-2025 жылдарға арналған бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспары аясында жүзеге асырылуда. "Сатып алушы" іс-шарасы ұрланған мүлікті сатып алушылардың қызметінің жолын кесуге бағытталған, өйткені дәл солар сұраныс тудырып, қылмыстардың жасалуына итермелейді. Статистика жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетіп отыр: Алматыда қалта ұрлығы мен телефон ұрлығы айтарлықтай азайды, ал мұндай қылмыстардың ашылу көрсеткіші өсті. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біз кешенді шараларды жоспарлы түрде жалғастырамыз, – деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Талант Исаев.