Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полиция түнгі уақытта жүрген жасөспірімдерді анықтады

Алматыда түнгі уақытта ересектерсіз жүрген ондаған жасөспірім анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

27 шілдеден бастап Алматы қаласында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, түнгі уақытта балалардың ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүру деректерін анықтауға, сондай-ақ ҚР "Баланың құқықтары туралы" Заңындағы талаптардың сақталуын бақылауға бағытталған республикалық "Түнгі қаладағы балалар" жедел алдын алу іс-шарасы басталды.

Рейдтің алғашқы күнінде-ақ полиция қызметкерлері білім беру мекемелерінің өкілдері және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп патрульдік топтар ұйымдастырды, нәтижесінде 137 кәмелетке толмаған жасөспірім түнгі сағат 23:00-ден кейін ересектердің қарауынсыз көшеде жүргені анықталды. Олардың ата-аналарына қатысты тиісті шара көрілді. Сондай-ақ 163 жасөспірім жағдайды анықтау үшін полиция бөлімшелеріне жеткізілді. 10 кәмелетке толмаған бала профилактикалық есепке қойылды. 9 жасөспірімнің алкогольдік ішімдік ішкені анықталды. 6 кәсіпкерлік нысан кәмелетке толмағандарды сағат 22:00-ден кейін ересектердің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарына кіргізгені үшін жауапкершілікке тартылды. 8 бала балаларды қолдау орталығына тапсырылды.

Рейдтік шаралармен қатар, кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде: білім беру мекемелерінде, жастар орталықтарында және әлеуметтік желілерде профилактикалық жұмыстың мақсаты, сондай-ақ ата-аналардың өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін жауапкершілік бар екендігі туралы түсіндіру жүргізіліп жатыр.

- "Түнгі қаладағы балалар" іс-шарасы – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Біз тек бұзушылықты анықтап қана қоймай, қайғылы жағдайдың алдын алуға, балалардың өмірі мен денсаулығын сақтауға тырысамыз. Басты мақсат – жазалау емес, ересектерге, баланың қауіпсіздігі үшін жауапкершіліктің бірінші кезекте өздеріне жүктелетінін еске салу. Түнгі уақытта көшеде жүрген әрбір жасөспірім – бұл біз үшін дабыл сигналы, – деді Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру