Алматыда полиция тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған іс-шара өткізді
Алматыда полиция тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған іс-шара өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және халықпен әлеуметтік диалогты нығайтуға бағытталған "Отбасы" іс-шарасының кезекті кезеңі аяқталды. Іс-шара аясында полиция қызметкерлері әлеуметтік сала және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен бірлесе отырып, тұрғын үй секторында бірқатар кездесулер мен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Отбасындағы жанжалдардың алдын алуға, әйелдер мен балаларға дер кезінде көмек көрсетуге, сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға баса назар аударылды.
Іс-шараның негізгі кезеңдерінің бірі "Бақытты отбасы" отбасын қолдау орталығында өтіп, тренинг пен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Кездесуде нақты істер талқыланып, түйіткілді мәселелер көтеріліп, қатысушылар ведомствоаралық ынтымақтастықты жақсарту және тәуекел тобындағы отбасыларға көмек көрсету бойынша практикалық шешімдер әзірледі.
- Отбасы-тұрмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу – "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында полиция жұмысындағы басым бағыт. Біз деректерді тіркеп қана қоймай, көлеңкеде жиі зардап шегетін әйелдерді, балаларды, қарттарды қорғау үшін белсенді жұмыс істейміз. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана қаланы шын мәнінде қауіпсіз ете аламыз, - деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасилов.
Іс-шара барысында полицейлер үйді аралап, учаскелік полиция бөлімшелері мен мобильді топтарға хабарласу мүмкіндігін еске салып, жадынамалар таратылып, дағдарыс орталықтарының жұмысы туралы айтылды.
Іс-шара Ішкі істер министрлігі жариялаған "Профилактика жылы" аясында Алматы қаласының барлық аудандарында жүйелі түрде жалғасын табады.