Алматыда полиция заңсыз курьерлік қызметпен айналысқан шетелдіктерді анықтады
Алматыда полиция заңсыз курьерлік қызметпен айналысқан шетелдіктерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл деректерді көші-қон қызметі «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықтады.
– Көрші елдің 9 азаматының көші-қон заңнамасының талаптарын бұза отырып, еңбек қызметін жүзеге асырғаны белгілі болды. Атап айтқанда курьерлік платформалардың бірінде олар қазақстандықтардың атынан тіркеліп, тауарларды жеткізуге тапсырыстар алған. Сонымен қатар, тексеру барысында жоғарыда аталған азаматтардың өздерімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттары болмағаны анықталды. «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заңның 29-бабының ережелеріне сәйкес, шетелдік құқық бұзушылар қабылдап-тарату орнына орналастырылады. Олардың әрқайсысының жеке басын анықтау және одан әрі жауапкершілікке тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Алматы қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Геннадий Мен.
Спикер сондай-ақ «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасының мақсаты – заңсыз жүрген шетелдіктерді анықтау, сонымен қатар заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу екенін еске салды.