Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда жол қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді

Алматыда "Қауіпсіз жол" іс-шарасы барысында полиция жол ережелерінің сақталуын күшейтілген тәртіпте қадағалап отыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыру және өрескел құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында республикалық "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.

Акция Ішкі істер министрлігі жариялаған Профилактика жылы аясында және "Заң және тәртіп" басым бағыты бойынша ұйымдастырылған. Негізгі назар – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жылдамдық режимінің сақталуын бақылау, жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігі, жүргізушілердің жағдайы мен көлік құралдарының техникалық жарамдылығына аударылған.

— Алматы жолдарындағы қауіпсіздік – біздің басты әрі тұрақты міндетіміз. Профилактикалық жұмысты күшейту және бақылауды арттыру арқылы біз авариялық жағдайлардың санын азайтып, қала тұрғындары мен қонақтарының өмірі мен денсаулығын қорғауға күш салудамыз. Барлық жүргізушілерді жол ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз, себебі жолдағы тәртіп – әр адамның қауіпсіздігінің кепілі, — деді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Іс-шараның алғашқы екі күні ішінде мегаполис жолдарында 1 900-ден астам құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде:

жолаушыларды тасымалдау талаптарын бұзудың 207 дерегі,

жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін әрекеттердің 69 дерегі,

көлік құралын басқару кезінде телефон пайдаланудың 92 дерегі тіркелді.

Сонымен қатар көлікті мас күйінде басқарған 11 жүргізуші ұсталды.

Алматы полициясы іс-шара кезеңінде жолдардағы бақылауды күшейтілген режимде жалғастыратынын хабарлады. Жол қозғалысының қауіпсіздігі күндіз де, түнде де техникалық бақылау құралдары мен патрульдік жасақтардың көмегімен қадағаланады.

Полиция департаменті жүргізушілерге жолда барынша мұқият болуды, жылдамдық режимдерін сақтауды, рөлде отырып телефон қолданбауды және көлік құралын мас күйінде басқармауды қатаң ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру