Алматыда "Қауіпсіз жол" республикалық жедел алдын алу іс-шарасы басталды
Алматыда "Қауіпсіз жол" республикалық жедел алдын алу іс-шарасы басталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында "Қауіпсіз жол" республикалық жедел алдын алу іс-шарасы бастау алды.
Қаладағы көлік қозғалысының, әсіресе сырттан келетін автокөліктердің айтарлықтай тығыздығын ескерсек, бұл іс-шараның маңыздылығы арта түсетіні сөзсіз.
Аталған акция аясында полиция қызметкерлері қала көшелері мен жолдарында, сондай-ақ оларға іргелес аумақтарда рейдтік жұмыстар жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілерін анықтауға және олардың алдын алуға күш салуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларына себеп болатын құқық бұзушылықтарды болдырмау.
Алматы қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев жол қозғалысына қатысушылардың барлығын жол ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
– Жол қозғалысы ережелерін елемеу – әр адамның өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Егер барлығымыз күш біріктірсек, қаламыздың көшелерін қауіпсіз әрі тәртіпті ете аламыз, – деді ол.
Спикердің мәлімдеуінше, "Қауіпсіз жол" жедел алдын алу шарасы 19 мамырға дейін жалғасады.
Полиция барлық азаматты жол үстінде мұқият болуға, тәртіпке бағынуға және өзара сыйластық танытуға үндейді.