Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда ҚАЖД бастығы антына адал қызметкерлердің ата-аналарын марапаттады

Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара еліміздің Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, департамент бастығы Ерлан Ұзақов жеке құрам мен ардагерлерді атаулы мерекемен құттықтады.

– 25 қазан – еліміздің ең маңызды әрі айрықша мерекелерінің бірі. Себебі дәл осы күні, 1990 жылы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдап, Қазақстан өзіндік салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтары бар егеменді Республика ретінде жарияланды. Бұл – ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың ақ таңы атқан күн. Бүгінгі буынның міндеті – сол тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, ел игілігі үшін адал қызмет ету. Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын, – деді Ерлан Ұзақов.

Мерекелік жиында қызметтік міндетін адал атқарып, жоғары кәсібилік танытқан үш қызметкер Ішкі істер министрлігінің және қылмыстық-атқару комитетінің Алғыс хаттары мен Грамоталарымен марапатталды.

Ал бір қызметкерге "Қылмыстық-атқару саласының үздігі" төсбелгісі табыс етілді. Сонымен қатар жиырмадан астам қызметкер ҚАЖ департаменті басшылығының Алғыс хаттарына ие болды.

Салтанат аясында ерекше дәстүр ретінде адал да еңбекқор қызметкерлер тәрбиелеген 10 ата-анаға Ерлан Ұзақовтың атынан Алғыс хаттар мен гүл шоқтары тапсырылды.

Алғыс хат мәтінінде: "Сіз тәрбиелеп өсірген ұлыңыз ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару органдарында өзіне жүктелген міндеттерді адал атқарып, Отан алдындағы борышына зор жауапкершілікпен қарауда. Ұлыңыздың бойына осындай қасиеттерді дарытқаныңыз үшін Сізге шынайы алғыс білдіремін" - делінген.

Сонымен бірге іс-шара барысында қызметке жаңадан қабылданған жас мамандар Отанға адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру