Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда ҚАЖД мекемесінде тактикалық оқу-жаттығу өткізілді

Алматы қаласы ҚАЖД-ға қарасты №11 мекемесінде тұрғын аумақта өрт шығу кезіндегі әрекеттерді жетілдіру мақсатында арнайы тактикалық оқу-жаттығу өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаттығуға Жетісу аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Б. Аманбеков және ПЧ-8 қарауыл бастығы А.М. Амантаев қатысты.

Сценарий бойынша мекеменің тұрғын аумағында орналасқан мектеп ғимаратының екінші қабатында өрт шықты. Оқиғаны алғаш байқаған бақылаушы бұл жөнінде мекеме бастығының кезекші көмекшісіне хабарлап, жағдай бірден МБКК басшылығына жеткізілді.  Н. Бейсенқұловтың және режим мен күзет бөлімінің жедел уәкілі А. Намазбековтың басшылығымен жеке құрам дереу іске кірісіп, қолда бар күштермен өртті сөндіру шараларын ұйымдастырды. Сотталғандардың барлығы қауіпсіз аймаққа шығарылып, мекеме қызметкерлерінің қатаң бақылауына алынды.

Дабыл пәрмені бойынша шақырылған жеке құрам мен офицерлер қосымша күшейтілген шараларды қолға алды. Сотталғандардың қашып кетуіне немесе сыртқы тұлғалардың мекемеге кіруіне жол бермеу мақсатында бақылау пунктінде кинолог қызметтік итпен, сондай-ақ із кесу жолағында қосымша бақылаушылар орналастырылды. Жетісу аудандық төтенше жағдайлар қызметінің арнайы өрт сөндіру техникасы дер кезінде келіп, өртті толықтай сөндіру бойынша қажетті шараларды қабылдады.

Төтенше жағдай қызметкерлері өрт ошағынан қауіпті аймақта қалған екі сотталғанды құтқарып, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Денсаулық жағдайының қалыпты екеніне көз жеткізу үшін медицина бөлімі жұмылдырылды. Тактикалық жаттығу барысында сотталғандар тарапынан топтық бағынбаушылық немесе тәртіпсіздік әрекеттері орын алған жоқ. Оқу-жаттығу жоспар бойынша өткізіліп, ҚАЖД-ға режим және қадағалау тобы алдын ала хабардар етілді.

№11 мекеме бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Керебаев оқу-жаттығудың сәтті өткенін атап өтіп, мекеме қызметкерлеріне оң баға берді. Сондай-ақ жаттығуға қатысқан Жетісу аудандық төтенше жағдайлар басқармасының мамандарына ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру