Алматыда ҚАЖД қызметкерлері қаза болған әріптесінің отбасына барып қайтты
Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаментінің ұжымы қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан әріптесі Айдарбек Сабырбековтің отбасын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ЛА-155/6 мекемесі медициналық бөлімінің фельдшері ішкі қызмет лейтенанты Айдарбек Сабырбеков қашуға оқталған сотталғандарды тоқтату барысында 2000 жылдың 30 қарашасында сағат 22.30 шамасында сотталғандардың қолынан қаза тапқан еді.
1974 жылы туған Айдарбек Қабылбекұлы оқу орнын дәрігер мамандығы бойынша бітірген соң қазіргі №11 мекемесінің фельдшері лауазымына тағайындалды. Айдарбек қаза тапқан екі мыңыншы жылдары кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің ауыр қылмысқа баруы жиілеген күрделі кезең болғаны анық. Алматыдағы балалар колониясы қылмыстық жазаға тартылған жасөспірімдердің жазасын өтейтін бірден бір колония болды.
Дәрігер Айдарбек осы колонияда жазалы жасөспірімдердің денсаулығын бақылау, оларды емдеу жауапкершілігін зор сүйіспеншілікпен атқарып жүрген маман болатын. Өкінішке орай Айдарбектің өмірі сол өзі қамқор болып жүрген жасөспірімдердің қолынан 26 жасында үзілді.
Алматы қаласындағы балалар колониясында әріптестері «Біздің сүйікті дәрігер» деп атайтын ержүрек дәрігерге арналған бұрыш ашылып, ҚАЖД ғимаратының аумағында ескерткіш қойылды.
Айдарбек Сабырбековке қаза тапқаннан кейін, ішкі қызмет лейтенанты арнайы атағы беріліп, Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен мараппатталған болатын. Әріптестері Айдарбектің есімін әр мереке сайын еске түсіріп, жанұясына құрмет көрсетіп, рухына тағзым етіп тұрады.