Алматыда қоғамдық орындарда қалта ұрылары ұсталды
Алматыда қоғамдық орындарда қалта ұрылары ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен демалыс күндері Алматы қалалық ПД криминалдық полиция қызметкерлері үш қалта ұрысын ұстады.
Олардың барлығы қоғамдық орындарда және көлікте қала тұрғындарының ұялы телефондарын ұрлап жүрген.
Белгілі болғандай, ұсталғандардың әрқайсысы бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Қылмыс адамдар көп жиналатын жерлерде – базарларда, аялдамаларда, қоғамдық көліктерде жасалған. Барлық жағдайда қаскөйлер жәбірленушілердің қырағылығын жоғалтқан сәтін пайдаланып, жасырын әрекет еткен.
Алматы полициясы азаматтарды адамдар көп жиналатын жерлерде жеке заттарына, әсіресе ұялы телефондарына, әмияндарына және сөмкелеріне аса сақ болуға шақырады.
- Қалта ұрлығы - көшедегі қылмыстың ең көп таралған түрлерінің бірі болып қала береді. Біз мұндай деректерге жедел әрекет етеміз, ұсталғандардың барлығы жауапқа тартылады. Дегенмен, қала тұрғындарының өздері сақтық танытуы маңызды - бағалы заттарын артқы қалталарына салып жүрмеуі, сөмкелерін, әсіресе көлікте және базарларда қадағалап отыруы керек, - деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Талант Исаев.
Мүліктік қылмыстардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету - қалалық полиция қызметінің басым бағыты болып табылады.