Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда қоғамдық тәртіп пен санитарлық талаптарға бақылау жүргізілуде

Алматыда қоғамдық тәртіп пен санитарлық талаптарға бақылау жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде.

Жетісу ауданында полиция қызметкерлері рейдтік шаралар барысында жол бойындағы заңсыз сауда орындарын, қаланың абаттандыру қағидаларын бұзу деректерін, сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасына кері әсер ететін өзге де ұсақ құқық бұзушылықтарды анықтап, олардың жолын кесуде.

Аталған жұмыстар аясында алкоголь өнімдерін сататын сауда нүктелеріне ерекше назар аударылуда. Полиция қызметкерлері заң талаптарының сақталуын, соның ішінде алкогольдік өнімдерді түнгі уақытта сатуға қойылған шектеулердің және тиісті рұқсат құжаттарының болуын қатаң бақылауда ұстайды.

Сонымен қатар, іс-шаралар барысында кәсіпкерлер мен аудан тұрғындарына құқықтық мәдениетті арттыруға және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

- Біздің мақсатымыз — жазалау емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті нығайту. Заңсыз сауда, алкоголь өнімдерін заң талаптарына қайшы сату, тыныштық пен санитарлық нормаларды бұзу тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Біз аудан тұрғындары үшін қауіпсіз, тыныш әрі қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз, — деді Алматы қаласы Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Ильяс Өмірсеріков.

Полиция басшылығы мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті. Негізгі басымдық — құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру