Алматыда құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті
Алматы қаласының Медеу ауданында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2024 жылдың 25 қыркүйегінде Прокуратура мен Медеу аудандық полиция басқармасы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өткізді.
Шараға аудандағы ойын-сауық мекемелерінің өкілдері шақырылған.
Медеу ауданындағы мәселелердің бірі – дәмханалар, мейрамханалар мен түнгі клубтарда жиі орын алатын қылмыстар.
Қадағалау органының мәліметінше, 2024 жылдың 8 айында аудандағы 5 белгілі мекемеде 12 қылмыс, оның ішінде 11 күш қолдану арқылы бұзақылық және 1 кісі өлтіруге оқталу деректері орын алды.
Бір атақты мейрамханада 12 қылмыстың 6-ы жасалған.
Полиция мен прокуратура кейбір мекемелерде бейнебақылау камералары жартылай жоқ екендігін анықтады. Оқиғалардан кейін қауіпсіздік қызметі жанжалдардың алдын алу үшін дер кезінде шара қолданбаған және полицияға да хабарламаған.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардан басқа, қоғамдық тәртіпті бұзу және басқа да құқық бұзушылық деректері бар. Бұл жанжал тудырып, қылмыс жасауға жағдай туғызады.
Полицейлер аталған құқық бұзушылықтар үшін 200-ден астам адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Ойын-сауық мекемелеріне азаматтардың қауіпсіздігі үшін қосымша шаралар қабылдау, қауіпсіздікті күшейту, келушілермен профилактикалық іс-шараларды уақтылы жүргізу, бейнебақылау камераларын 100% орнату және басқа да бірқатар шараларды жүргізу тапсырылды.
Өз кезегінде полицейлер мұндай орындарды аралап, әрбір құқықбұзушылыққа дереу ден қойып, кінәлілерді жауапкершілікке тарту шараларын қолға алып жатыр.
Жалпы ведомствоаралық кеңестің қорытындысы бойынша құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берілді.