Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда құқық бұзушылықтың алдын алу жобаларының көрмесі өтті

Алматыда құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша алғашқы жобалар көрмесі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

20 қазанда Алматы қаласындағы Ғылым ордасы ғимаратында Kazakhstan Prevention Days - Заң мен тәртіп қағидаты аясында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жобалар  көрмесі өтті.

Көрме Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Алматы қаласы полиция департаментінің, М.Есболатов атындағы Алматы академиясының және PREVECA II жобасы аясында Неміс халықаралық ынтымақтастық қоғамының ұйымдастыруымен өтті.

Шара қоғамдық қауіпсіздікті арттыру, заң мен тәртіпті нығайту, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы әріптестікті дамыту және құқық қорғау органдарына деген сенімді қалыптастыру мақсатында іске асырылған 45 жобаны бір алаңда тоғыстырды.

Ішкі істер министрлігі қоғамдағы қауіпсіздікті цифрлық технологиялар арқылы қамтамасыз етуге бағытталған заманауи жобаларды таныстырды. Атап айтқанда: "Цифрлық полицей", денеге тағылатын бейнетіркегіштер, "Sergek TOR" және "Qorgau" зияткерлік жүйелері, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі дрондарды қолдану, 2023 жылдан бастап енгізіле бастаған “Ақылды жаяу жүргінші өткелі” жобалары.

Көрме аясында полиция қызметінің заманауи келбеті, оның тек құқық бұзушылыққа қарсы күресуші күштік құрылым емес, қоғаммен серіктестікте жұмыс істейтін профилактикалық институт ретіндегі рөлі кеңінен көрсетілді.

— Біздің міндет – тек заң мен тәртіпті қамтамасыз ету ғана емес, әсіресе жастар арасында полицияға деген сенім мен құрметті қалыптастыру. Бұл көрме – тәжірибе алмасуға, ашық диалог орнатуға және ортақ шешімдер табуға арналған тиімді алаң болды, — деді М.Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының орынбасары Жанат Дильбарханова.

Көрмеге ІІМ, прокуратура, ғылыми қауымдастық пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен қатар, мектеп оқушылары мен студенттер де белсенді қатысты. Олар құқық бұзушылықтың алдын алу және полиция қызметі туралы мол ақпарат алып, тікелей тәжірибе алмасты.

Көрменің халықаралық мәртебесін Германия Федеративтік Республикасының Бас консулы Маттиас Кислер, GIZ жобасының жетекшісі Штефан Бухмайер және Германиядағы Қылмыстың алдын алу кеңесінің директоры Эрих Маркс толықтырды. Олар Германиядағы превенция тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстан тарапынан ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалады.

Сонымен қатар құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған өз жобаларын жоғары оқу орындары, қоғамдық қорлар мен жастар ұйымдары да ұсынды.

Көтерілген негізгі тақырыптар: киберқылмыс, тұрмыстық зорлық-зомбылық, экстремизм, нашақорлық, жол-көлік қауіпсіздігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен құқықтық сауаттылықты дамыту.

21 қазан күні көрме аясында М.Есболатов атындағы Алматы академиясында “Полициядағы бір күн” атты оқу-тәжірибелік жоба өтеді. Оған мектеп оқушылары мен студенттер қатысып, полиция қызметімен жақынырақ таныса алады, тренингтерге қатысып, заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің нақты процесін көреді, сондай-ақ полиция мамандығының ішкі қыр-сырын біліп қайтады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру