Алматыда қымбат мопедтерді ұрлаумен айналысқан шетелдік азамат ұсталды
Алматыда қымбат мопедтерді ұрлаумен айналысқан шетелдік азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдіктіні Әуезов ауданының полиция қызметкерлері анықтады. Жедел уәкілдердің мәліметінше, 24 жастағы жігіттің бөтеннің мүлкін ұрлаудың кем дегенде төрт дерегіне қатысы бар.
– Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, Өзбекстан азаматы – 1999 жылы туған Н.есімді азамат Ақсай-1 ықшамауданындағы үйдің ауласынан Бумер мопедін ұрлап кеткен. Жәбірленуші материалдық шығынды 520 мың теңгеге бағалады. Күдікті ұсталды. Оның осыған ұқсас тағы үш қылмыс жасағаны анықталды. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігімен тіркеліп, тергелуде. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.