Алматыда ресми түрде 4 мыңға жуық мопед тіркелді
Алматыда ресми түрде 4 мыңға жуық мопед тіркелді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстанда мопедті тіркеу науқаны жалғасуда.
Алматы қаласы Әкімшілік полиция басқармасы процессинг орталығының мәліметінше, мопедті тіркеп, "А1" санатындағы жүргізуші куәлігін алған азаматтардың саны біртіндеп артып келеді.
- Мопед жүргізушілері мынаны есте сақтауы керек. "Жол жүрісі туралы" заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін мопедтер ресми түрде көлік құралы ретінде танылды. Демек енді оларды жүргізу үшін тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі, сақтандыру полисі болуы керек. Полиция барлық мопед иелеріне тіркеуді кешіктірмеуді қатаң түрде ұсынады, өйткені жаңа ережелерді сақтамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Заңды сақтау – бұл жай ғана формальдылық емес, жол қауіпсіздігі мәселесі. Уақытында тіркеліп, көлігіңізді заңды түрде жүргізіңіз, - деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Мопедті тіркеу үшін иесі (иесінің өкілі) мыналарды көрсетеді:
- жеке басын куәландыратын құжат (тұлғаны сәйкестендіру үшін) немесе цифрлық құжаттама қызметінен электронды түрде;
- Салық кодексінің 553 және 615-баптарында көзделген СЖТЖ, МТНБ бергені үшін тіркеу алымы мен мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжаттар. (0,25 АЕК немесе 983 теңге, СЖТЖ беру үшін – 1,25 АЕК немесе 4915 теңге және МТНБ беру үшін – 1,4 АЕК немесе 5505 теңге);
- ҚР ІІМ 02.12.2014 жылғы №862 бұйрығымен бекітілген Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу қағидаларының 16-қосымшасына сәйкес мопедті мемлекеттік тіркеуге өтініш.
- техникалық құжат (бар болса) немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы ақпарат;
- мопедке сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда сәйкестендіру нөмірін тіркеу іс-шаралары жүргізілгенге дейін мопед иесінің өтініші бойынша жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган береді;
- Қағидаларға 12-қосымшаға сәйкес көлік құралын тексеру актісі (көлік құралын бастапқы тіркеу кезінде);
- бұрынғы СЖТЖ және МТНБ (бар болса);
- меншік иесінің өкілі жүгінген жағдайда келісім немесе сенімхат.