Алматыда Республика күні қарсаңында бірқатар полицей марапатқа ие болды
Алматыда Республика күні қарсаңында бірқатар полицей марапатқа ие болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция департаментінде Республика күнін мерекелеуге арналған салтанатты шара өтті.
Іс-шараны ПД басшысы Арыстанғани Заппаров ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің құттықтау жеделхатымен ашып, Республика күні – орасан зор күш-жігердің арқасында Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігіне қол жеткізген адамдардың ұрпаққа қалдырған аманаты екенін айтты.
– Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан полициясы заңдылық пен тәртіптің сақталуын қамтамасыз етіп келеді. Қылмысқа қарсы күресте, қоғамдық тәртіпті сақтауда полиция қызметкерлері қашанда алдыңғы қатарда. Біз мемлекетіміздің тәуелсіздігін қорғауға, оның халықаралық аренадағы абыройын арттыруға, ел мен халықтың қауіпсіздігі үшін қызмет етуге міндеттіміз. Мемлекетіміздің дамуы, тұрақтылық пен тыныштық сіздерге жүктелген міндеттерді мінсіз, адал атқаруларыңызға тікелей байланысты, – деді Арыстанғани Заппаров.
Алматы қаласының бас полицейі өз сөзінде, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Қазақстан полициясының дамуына зор үлес қосқан ішкі істер органдарының ардагерлеріне алғысын білдірді.
– Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Құрметті ардагерлер! Жаңа форматтағы полиция қызметкерлеріне патриоттық тәрбие беру үшін сіздердің білімдеріңіз, даналықтарыңыз және бай өмірлік тәжірибелеріңіздің маңызы зор. Сіздердің әрбір өнегелі істеріңіз бен сөздеріңіз – өскелең ұрпаққа үлгі, ғибрат. Қазақстан Республикасы күнімен шын жүректен құттықтауымды қабыл алыңыздар. Сізге және сіздің жақындарыңызға зор денсаулық, бейбітшілік пен амандық тілеймін, – деді Арыстанғани Заппаров.
Салтанатты шара барысында қызметтік міндеттерін атқаруда адалдық танытқаны, кәсіби шеберлігі, қызмет атқарудағы жоғары көрсеткіштері үшін ІІМ және ПД бастығының бұйрықтарымен 160-тан астам тәртіп сақшысы марапатталды.