Алматыда "Сергек" жүйесінде жаңа функционал іске қосылды
Алматыда "Сергек" жүйесінің жаңа функционалы іске қосылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда "Сергек" бейнебақылау жүйесі жаңа функционалмен толықты. Жаңа жүйе жол қозғалысы ережелерін сақтау деңгейін арттыру мақсатында пилоттық режимде іске қосылды.
Қазіргі уақытта ол Сәтбаев көшесінің бойымен, Достық даңғылынан Уәлиханов көшесіне дейінгі учаскеде (оңтүстік және солтүстік жақта) тәжірибе жүзінде жұмыс істеп тұр. Бұл бейнебақылау жүйелері енді көліктердің тұраққа қою ережелерін, оның ішінде екінші қатарға көлік қою сияқты бұзушылықтарды да тіркейтін болады.
Алматы қаласының әкімшілік полиция басқармасы жол қозғалысына қатысушыларға Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелеріне (ҚР ЖҚЕ) сәйкес көліктерді дұрыс қою тәртібін ескертеді. Атап айтқанда 85-тармаққа сай, жол жиегіне параллель бір қатарға қоюға рұқсат етіледі. Ал 87 және 88-тармақтарға сәйкес, көлікті басқа жүргізушілердің қозғалысына кедергі келтіретін жерлерде, оның ішінде кіреберістер мен шығаберістерді, сондай-ақ кептеліс тудыруы мүмкін орындарды жауып қоюға тыйым салынады.
Сонымен қатар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚбК) 597-бабының 3-бөлігіне сәйкес, жол қозғалысына кедергі келтіретін көлік қою ережесін бұзғаны үшін жүргізушіге 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл шамамен 39 320 теңгені құрайды. Егер айыппұл 7 күн ішінде төленсе, жеңілдік қарастырылып, 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде төленеді.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі жүргізушілерді жол ережелерін қатаң сақтауға және қаладағы көлік қозғалысын қауіпсіз әрі ыңғайлы етуге шақырады.