Алматыда солтүстікқазақстандық әйел 25 адамды алдап кетті
55 жастағы солтүстікқазақстандық әйел алматылықтарды мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер мен кепілсіз несие алып беремін деп алдап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz
Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны 25-тен астам адамды алдап кеткен. Келтірілген шығын миллиондаған теңгеге бағаланып отыр.
– А. есімді азаматшаның “қолынан бәрі келеді»: екінші деңгейлі банктерден қолма-қол несие рәсімдеу, төмен пайыздық мөлшерлемемен кепілге қойылған көліктерді сатып алу және мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алуда шексіз мүмкіндіктері болды. Күдіктінің 2019 жылдан бері қала тұрғындарын алдап келгендігі анықталды. Алдын ала төлем сомасы «қызметіне» байланысты өзгеріп отырды. Көлік сатып алушыдан 1,1 млн теңге сұраса, пәтер сатып алу үшін 3,5 миллион теңгені алған. Қазіргі уақытта тергеу 25 эпизодты анықтады. Қылмыстық істер ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша бір өндіріске біріктірілді, – деді Бостандық аудандық Полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиев.
Белгілі болғандай, күдікті 2006 жылы осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін 8 жылға сотталған, ал жазасын өтегеннен кейін ол алаяқтық әрекеттер жасағаны үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта іс жүргізудің толықтығын қамтамасыз етуге және шындықты анықтауға бағытталған бетпе-бет жүздесу және басқа да тергеу әрекеттері жүргізілуде.