Алматыда сотталған балалар Халықаралық Нельсон Мандела күнін атап өтті
Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №11 мекемесіндегі сотталған балалар Халықаралық Нельсон Мандела күнін атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сотталған балаларға Халықаралық Нельсон Мандела күніне орай «Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы Конвенция» тақырыбында дәріс өткізілді. Дәріс барысында кәмелетке толмаған сотталғандар айтулы күннің тарихымен де танысты. 2009 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен бұл күн жыл сайын 18 шілдеде атап өтіледі.
Сотталған балаларға сондай-ақ Оңтүстік Африкадағы нәсілдік кемсітушілікке қарсы ең танымал күрескерлердің бірі – Нельсон Манделаның туған күнінде атап өтілетін күннің Африканың бұрынғы президентінің бейбітшілік пен бостандыққа қосқан үлесін мойындау үшін пайда болғаны түсіндірілді. Жазалы жасөспірімдер Нельсон Мандела күнінде сурет салып, қабырға газетіне өздерінің тілектерін жазды.
– Аталған іс-шараның мақсаты – жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыстың өсуіне жол бермеу және оларға қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттерден аулақ болуды насихаттау, – деді сотталғандар арасындағы әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бөлімінің міндетін атқарушы Бекзат Жақанов.