Алматыда сотталғандар арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды
Алматыда сотталғандар арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінде сотталғандардың бос уақытын пайдалы өткізулеріне баса назар аударылады. Бос уақытта спортпен айналысу олардың денсаулықтарына ғана пайдалы емес, сонымен қатар қайтадан қылмысқа ұрынбауларына ықпал етеді.
Осы мақсатта жуырда департаментке қарасты аудандық пробациялық бақылау қызметтері бөлімдерінде есепте тұрған және №13 мекемедегі сотталғандар арасында «Динамо» спорт алаңында футболдан жарыс ұйымдастырылды.
Жарыс қорытындысында №13 мекемедегі сотталғандар командасы алға шығып, бірінші орынды иемденді. Ал 2-орынды Наурызбай аудандық және 3-орынды Бостандық аудандық пробация бөлімінің бақылауындағы сотталғандар жеңіп алды. Мұндай футбол жарысы басқа аудандарда да жалғасын тауып, Түрксіб аудандық пробация бөліміндегі сотталғандар «Алаш» стадионындағы футбол алаңын қызу ойын алаңына айналдырды.
Сондай-ақ Алматы қаласы әкімшілігінің қолдауымен шағын футбол жарысын өткізген Жетісу аудандық пробация бөлімінің есебіндегі сотталғандар да шебер ойындарымен ерекшеленді.
Жалпы, ойын нәтижесі бойынша жеңімпаз болған командалар басшылық тарапынан грамоталармен марапатталды.