Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда сотталғандар үшін әлеуметтік жоба іске асты

Алматыда сотталғандар үшін әлеуметтік жоба іске асты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында ІІМ Есірткі қылмыстарының алдын алу жөніндегі кеңес өкілі Данила Айтовтың бастамасымен, сондай-ақ  ҚАЖ мекемелерінде жазасын өтеушілердің қатысуымен "Шұғыла" атты әлеуметтік маңызы бар жоба іске қосылды. Игі бастама Наурызбай ауданы әкімдігі мен жеке сектор өкілдерінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Жоба аясында сотталған азаматтар балаларға арналған спорттық құралдар мен саябақ жиһаздарын жасап шығарды. Бұл — олардың өмірлік қиындықтарға қарамастан, жаңаша бастауға, қоғамға қайта бейімделуге және пайдалы іспен айналысуға деген ниетінің айқын дәлелі.

Әлеуметтік жоба – екінші мүмкіндік туралы ғана емес, қоғамға пайда әкелу мен сенімге лайықты болу жайлы. Жобада жасалған жабдықтар қалалық инфрақұрылымда қолданылып, балалар мен отбасыларға қуаныш сыйлауда.

— Бұл жоба – адамның өмірінде әрқашан оң жолға қайта түсуге мүмкіндік бар екенін еске салады. Алайда ең маңыздысы – сол дұрыс жолдан мүлде таймау. Қазіргі таңда көптеген жастар жалған ләззат пен "жеңіл табыс" жетегіне еріп кетуде. Бірақ оның соңы – өкінішке толы тағдырлар мен босқа кеткен жылдар. Өмір – еңбек пен жауапкершілік. Міне, осы қасиеттер адамды қоғам үшін құрметті де пайдалы етеді, – деді Алматы қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

Алматы қаласының полициясы жастарды жалған азғырулардан бойды аулақ ұстауға шақырады. Өмір жолын таңдау – бүгіннен басталады. Таңдау – әркімнің өз қолында.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру