Алматыда «тауар жеткізуші» фирмалардан ірі көлемдегі ақшаны жымқырды
Алматыда тауар жеткізуші жалған құжаттар арқылы фирмалардан ірі көлемдегі ақшаны жымқырып келген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 30 жастағы С.есімді азаматты ұстады. Ол бірқатар алаяқтық әрекеттер жасады деген күдікке ілінді. Қазіргі уақытта үш қылмыстық іс бір өндіріске біріктіріліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі, 4-тармағы бойынша тергелуде.
– С.есімді азамат қаладағы әр түрлі фирмалардың қоймаларына «жеткізуші» болып жұмысқа орналасты. Біраз уақыттан соң, фирма қызметкерлерінің сеніміне кіріп алғаннан кейін, қоймадан тауарларды шығару үшін құжаттарды қолдан жасады. Тауарды алғаннан кейін ол белгісіз бағытта жасырынып, содан кейін интернет алаңдар арқылы қылмыстық жолмен алынғанды нарықтық бағадан төмен бағамен сатты. Жалпы материалдық шығын 20 миллион теңгені құрады, – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Жігіттің бұл алдау тізбегін өзі ойлап тапқаны және жалғыз әрекет еткені анықталды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторында. Тергеу шаралары жүргізілуде.