Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда тергеу изоляторына телефондар өткізбек болған ер адам жауапқа тартылды

Алматыда тергеу изоляторына телефондар өткізбек болған ер адам жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматыда тергеу изоляторындағы күдіктілерге әкелген сәлемдемелерді тексеретін бақылау-өткізу пунктінде тыйым салынған заттарды анықтау жиі кездеседі. Соның ішінде телефондарды жасырын өткізуге тырысу фактілері көп. Қазір телефондардың небір шағын түрлері шығып жатқанын ескерсек, келушілер неғұрлым осындай шағын телефондарды жасыруға тырысады.

Ал бұл жолы электрлі шәйнектің ішінен көлемі үлкен 2 Xiomi  және 1 Vivo телефоны шықты. Тыйым салынған заттарды тергеу тұтқынындағы бауырына өткізбекші болған 29 жастағы Сержан электр шәйнектің корпусын ашып, телефондарды өте мұқият орналастырған.

Аталған факт жылжымалы бейнетіркегішке және бейнебақылау камерасына тіркеліп, ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша жауапкершілікке тарту мақсатында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберу үшін материал жиналды.

Бұл орайда сәлемдеме әкелушілердің жеке басының куәлігінен бастап, әр затты тексеру процесін өте мұқият атқаратын бақылаушылардың қырағылығын да атап өткен жөн. Алматы қаласы бойынша ҚАЖД №72 мекемесінің Режим және күзет бөлімінің аға бақылаушысы Нұрсұлтан Молдабековтің өз кәсібіне деген сүйіспеншілігі зор. Сондықтан ол тергеу изоляторына тыйым салынған заттардың өтіп кетпеуіне асқан жауапкершілікпен қарайды.

Осы салада 2015 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқандықтан Нұрсұлтан Бақтиярұлы өз кәсібінің қыр-сырын жақсы меңгерген. Сондықтан да болар ол шәйнек салмағының едеуір ауыр екенін байқап, астыңғы шруптарын арнайы ашып көрген кезде үш бірдей ұялы телефон мен құлаққаптар шықты.

- Сәлемдеме әкелгендер кейде "кезекте ұзақ тұрамыз" деп ренжіп жатады. Өйткені біз әр затты мұқият тексереміз. Нан мен шұжықты бірнеше жерден кесіп, жеміс-жидектерді ортасынан қақ бөліп, қораптағы шәйді басқа ыдысқа аударып салып, қалташадағы шәйдің әрбіреуін ашып қарау керек. Өйткені адамдар тыйым салынған затты өткізу үшін небір айла-шарғы ойлап табады, - дейді Нұрсұлтан Молдабеков.

Қылмыстық-атқару жүйесі саласының қиын да жауапты жұмысының қырағы маманы Нұрсұлтан Баяқтиярұлы тек өз кәсібінің шебері ғана емес, сонымен қатар берекелі отбасының иесі, үш баланың ардақты әкесі. Жауапты жұмысты үлгілі өмірімен астастырып жүрген Нұрсұлтанның тергеу изоляторына тыйым салынған заттардың өтіп кетпеуіне қосқан үлесі қомақты.
Міне бақылаушылардың осындай қырағылығының нәтижесінде Алматы қаласы ҚАЖД №72 мекемесінде тексеру барысында жыл басынан бері 34 телефон анықталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру