Алматыда тергеушілер мен сот сарапшыларының жұмыс кеңесі өтті
Алматыда тергеушілер мен сот сарапшыларының жұмыс кеңесі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінде "Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысындағы сот сараптамаларын тағайындау және өндіру кезіндегі проблемалық мәселелер" тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараға аудандық полиция бөлімшелерінің тергеушілері, анықтаушылары мен сот сарапшылары қатысып, өзара тәжірибе алмасты.
Кеңес Оңтүстік - Шығыс өңірі бойынша Өңіраралық сот сараптамасы орталығының және "ҚР ӘМ ФРГКП ОКҚ" ұйымының қолдауымен өткізілді.
Кездесу барысында полиция қызметкерлеріне жаңа түрдегі сараптамалар туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар қосымша және кешенді сот сараптамаларын тағайындау, сот-медициналық сараптама жүргізу кезінде жоғары білікті мамандарды тарту қажеттілігі, сондай-ақ тағайындалған сараптамалар бойынша сарапшылардың өтініштерін қарау мерзімдері мен тәртібі сияқты мәселелер талқыланды. Бұл жұмыс кеңесі сот сараптамаларын тиімді жүргізу және тергеу жұмыстарының сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар мен шешімдер ұсынды.