Алматыда тергеушілерге арналған семинар өтті
Алматы қаласында тергеушілерге арналған семинар өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінде әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын зорлық-зомбылық қылмыстарын тергеу барысындағы күрделі мәселелерді талқылауға арналған семинар-кеңес ұйымдастырылды.
Ауқымды іс-шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, белгілі құқық қорғаушы Айман Омарова, сондай-ақ тергеу саласының мамандары мен сарапшылар қатысты.
Семинар барысында қатысушылар әйелдер мен балаларға қарсы жасалатын қылмыстарды тергеу барысында кездесетін негізгі түйткілдерді, атап айтқанда тергеу әрекеттерінің сапасы мен тиімділігін арттыру, жәбірленушілерге психологиялық және құқықтық қолдау көрсету, құқық қорғау ұйымдарымен өзара іс-қимылды күшейту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Өз сөзінде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов әйелдер мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау ҚР Ішкі істер министрлігі қызметінің басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Әйелдер мен балаларға қатысты жасалған әрбір қылмыс жан-жақты әрі шынайы тергелуі тиіс. Біз үшін кінәлілерді анықтап, жауапқа тартумен қатар, мұндай қылмыстардың алдын алу тетіктерін тиімді іске асыру аса маңызды. Бүгінгі семинар – құқық қорғау органдары, азаматтық қоғам және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Біз күш біріктіре отырып қана қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз, – деді Санжар Әділов.
Семинар шеңберінде Алматы қалалық полиция департаменті мен "Human Rights Lawyers" қоғамдық қоры арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша атқарылып жатқан шараларды күшейтіп, тергеу сапасын арттыруға және зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.