Алматыда тұрғылықты жерінде тіркеусіз тұрып жатқан 4 мыңнан астам азамат анықталды
Алматыда тұрғылықты жерінде тіркеусіз тұрып жатқан 4 мыңнан астам азамат анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда құқық қорғау органдары әкімшілік аумақтарда қылмыстың алдын алу шараларын күшейтті. Қалада «Учаске» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, оған жергілікті полиция қызметкерлері, көші-қон қызметі, экстремизмге қарсы күрес бөлімшелерінің өкілдері жұмылдырылған.
Іс-шара басталғалы бері полиция қызметкерлері 528 мыңнан астам пәтер мен жеке тұрғын үйлерді аралап шықты. Нәтижесінде тұрғылықты жерінде тіркеусіз тұрып жатқан 4 мыңнан астам азамат анықталып, олардың барлығы ҚР ӘҚбК-нің 492-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар профилактикалық есепте тұрған 5 мың 363 адам тексерілді. Оның ішінде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық жасағандар, сондай-ақ азаматтық қарудың 36 мың 335 иесі тексерілді. Оларға профилактикалық әңгіме жүргізілді.
– Полиция қызметкерлерінің міндеті – азаматтармен тығыз, сенімді қарым-қатынас орнату, қылмыстардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу және құқық бұзушылықтардың алдын алу, – деп атап өтті Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов.