Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарын тергейтін тергеушілерге арналған семинар өтті
Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарын тергейтін тергеушілерге арналған семинар өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семинардың спикері – Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Айман Умарова. Оқыту жиынында әйелдер мен кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылықтарына қарсы құқық бұзушылықпен күресу шаралары, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу сапасын арттыру тетіктері талқыланды.
– Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы санаттағы қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейту бойынша шаралар қабылданған. Сонымен қатар бүгінде республикада жұмыс істейтін дағдарыс орталықтарында пилоттық режимде жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарына жан-жақты (медициналық, психологиялық, әлеуметтік, құқықтық) көмек көрсетіліп жатқанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Оларда зорлық-зомбылық құрбандары үшін қажетті қолайлылық пен жайлылық жасалды, жәбірленушілермен психологтардың жұмысы ұйымдастырылды, әйел-тергеушілерге тергеу әрекеттерін жүргізуге мүмкіндік жасалды. Жалпы бұл жобаның жүзеге асуы құқық қорғаушылардан, азаматтық қоғам өкілдерінен, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарынан оң бағасын алды, – деді, Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Шәрібаев.
Сонымен қатар спикер, еліміздің барлық полиция департаменттерінде тұрақты тергеу-жедел топтары құрылғанын, олардың құрамына әйел тергеушілер, сондай-ақ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау және ювеналды полиция, жедел криминалистикалық және криминалдық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері кіргенін еске салды.