Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары талқыланды
Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Қазақстан - зорлық-зомбылықсыз отбасы" республикалық науқаны аясында Алматы қаласының Алмалы ауданында әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі аудандық комиссияның отырысы өтті. Жиын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және жәбірленушілерге әлеуметтік көмек көрсету мәселелеріне арналды.
Отырысқа полиция, әлеуметтік қызметтер, білім және денсаулық сақтау салаларының өкілдері, тәжірибелі психологтар мен дағдарыс орталықтарының мамандары қатысты. Кездесу барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетудің тиімді тетіктерін әзірлеу және тиісті құрылымдардың үйлесімді әрекеттерін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Күн тәртібінде — зорлық-зомбылықтың алдын алу бағдарламаларын жүзеге асыру, үкіметтік емес ұйымдардың нақты көмек көрсету тәжірибелері, сондай-ақ халық арасында ақпараттық-ағарту жұмыстарын күшейту қажеттілігі қаралды.
- Әрбір тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайы жедел әрекет етуді талап етеді. Полиция әлеуметтік қызметтермен, медицина қызметкерлерімен, психологтармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Біздің міндетіміз — қиын жағдайға тап болған адамдарға нақты қорғау мен қолдау көрсету. Мұндай кездесулер көмек көрсету алгоритмін нақты әрі жедел етуге мүмкіндік береді, — деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Махсат Пшан.
Жиын қорытындысы бойынша мұндай ведомствоаралық кездесулерді тұрақты өткізу, құқықтық түсіндіру жұмыстарын кеңейту, сондай-ақ халықтың осал топтарымен жұмыс істейтін мамандар үшін оқыту семинарларын ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.