Алматыда учаскелік инспектор қарт кісіні аман алып қалды
Алматыда учаскелік инспектор қарт кісіні аман алып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкері Әлішер Болатханов өз аумағында үй-үйді аралау кезінде Мұрабаева көшесіндегі үйлердің бірінде тұратын егде жастағы әйелдің бірнеше күннен бері пәтерінен шықпай, телефон қоңырауларына жауап бермей жатқаны туралы ақпаратқа жедел әрекет етті.
– Учаскелік инспектор әжейдің жалғыз тұратынын және қиындыққа тап болуы мүмкін екенін білгендіктен бірден дабыл қаққан. Тиісті қызметтерге хабарлаған соң есікті ашуға шара қолданды. Әжей жатын бөлмедегі еденде жатты, есін жиған, бірақ қозғала алмады. Оған шұғыл медициналық көмек қажет болды. Анықталғандай, қарт әйел кенеттен өзін нашар сезініп, құлап қалған, бірнеше күн осы күйде жатқан. Учаскелік инспектордың жедел әрекетінің арқасында әжейдің өмірі мен денсаулығына келтірілуі мүмкін болған зардаптардың алдын алғанына сенімдімін, – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.
86 жастағы әйелді дәрігерлер ауруханаға жатқызды. Ол біраз уақыт бойы олардың бақылауында болады.