Алматыда «Участке» іс-шарасы аясында 12 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды
Алматыда «Участке» іс-шарасы аясында 12 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласының жергілікті полиция қызметі 16 қыркүйекте басталған «Участке» республикалық іс-шарасының аяқталғанын мәлімдеді. Оның қорытындысы 15 желтоқсанда жарияланбақ.
– Бұл алдын алу шарасының басты мақсаты – азаматтар мен полиция арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайту, көпқабатты үйлердің шатыр кеңістіктерін тексеру арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу. Үш айдың ішінде Алматы қаласының полиция қызметкерлері 516 мыңнан астам тұрғын үй алқабын және 12 мыңнан аса саяжай аймағын аралап шықты. Сонымен қатар, тұрғылықты мекенжайы бойынша есепте тұрған 5 363 адам, 321 қолайсыз отбасы және 36 мыңнан астам тіркелген қару иелері тексеруден өтті. Нәтижесінде барлығы 12 231 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың көпшілігі қалада тіркеусіз тұрып, қоғамдық тәртіп пен қаланы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Бұған қоса, іс-шара барысында полиция қызметкерлері есірткі сатуға қатысты 10 мыңнан астам жазуды анықтап, жойды, – дейді Алматы қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.