Алматыда ұландық сарбаздар есірткі жасырған күдіктіні ұстады
8 қараша сағат 21:40 шамасында ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің әскери жасағы қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде есірткі жасырған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Нұрдәурен Айтмағанбет пен патрульші қатардағы жауынгерлер Айбек Байтулел мен Тимур Чабиков 8-шағын ауданда қызмет атқару кезінде өзін күдікті ұстаған жас жігітті байқаған. Бұл туралы ұландықтар дереу әскери жасақ бойынша кезекшіге хабарлады. Әскери қызметшілер оның тұрғын үйлердің ауласындағы ағаштардың арасынан бірдеңе іздеп жатқанын байқады.
– Ол бізге күдікті болып көрінді. Сосын оған жақындадық. Күдікті азамат қашуға тырысты, бірақ біз оны ұстап алдық. Сол жерден ерекше иісі бар есірткі заты табылды, – дейді Нұрдәурен Айтмағанбет.
Әрі қарай күдікті оқиға орнына келген полиция қызметкерлеріне берілді.