Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда ұландықтар 101 жастағы соғыс ардагеріне құрмет көрсетті

Алматыда ҚР ІІМ Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында 101 жастағы майдангер, отставкадағы полковник Қамбар Сәрсеновтің шаңырағына барып, ардагерді мерейлі мерекесімен құттықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің командирі Мақсат Баймағұлов бастаған ұландықтар және Ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы майор Берік Алмағамбетов майдангердің үйіне арнайы барып, оның еселі еңбегі мен ғибратты ғұмырын ерекше атап өтті. Ардагерге Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығы және Ардагерлер кеңесі атынан алғысхат пен естелік сый-сияпат табыс етілді.

– Бүгін біз Ұлы Отан соғысының ардагері Қамбар Сәрсенов ақсақалды құттықтауға келдік. Ардагерлерге құрмет көрсету – біздің жыл сайынғы дәстүріміз. Біз олардың ерліктерін үлгі етіп, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге тырысамыз. Өкінішке қарай, ардагерлердің қатары сиреп барады. Сондықтан біз оларды әрдайым назарда ұстап, құрмет көрсетуге, көңіл бөлуге міндеттіміз, – деді әскери бөлім командирі Мақсат Баймағұлов.

Майдангердің құрметіне әскери оркестр аңызға айналған “Жеңіс күні”, “Славянмен қоштасу” марштарын, сондай-ақ “Смуглянка” және “Катюша” әндерін орындады. Сонымен қатар ұландықтар батыр ардагердің үйінің алдында сап түзеп, салтанатты шерумен жүріп өтті.

Қамбар Әмірұлы әскерге 1942 жылдың 12 тамызында шақырылды. Соғыс жылдары үш рет жараланып, Калинин облысын, Белоруссияны, Латвияны, Литваны, Польшаны азат етуге қатысты. Шығыс Пруссия мен Германия жерінде соғысты, Кёнигсберг түбіндегі шайқаста ауыр жараланып, демобилизацияланды.

Отан алдындағы еңбегі үшін Қамбар Сәрсенов I және II дәрежелі “Ұлы Отан соғысы” ордендерімен, II және III дәрежелі “Даңқ” ордендерімен, “Қызыл Жұлдыз” орденімен, “Жауынгерлік еңбегі үшін” медалімен, “Кенигсбергті алғаны үшін” медалімен, “Германияны жеңгені үшін” медалімен марапатталған.

1980 жылы наурызда Ішкі істер министрлігі жүйесінде 33 жыл қызмет атқарған соң, зейнетке шықты. Десе де, еңбек жолын жалғастырып, Алматы энергетика жүйесінде тағы 18 жыл жұмыс істеді.

Қамбар Әмірұлы – ҚР ІІМ-нің, Медеу аудандық ардагерлер кеңесінің және энергетика жүйесінің құрметті ардагері.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру