Алматыда Ұлттық ұлан батырлары атындағы ерлік сыныбы ашылды
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында Алматыдағы №210 мектеп-лицейде "Жас сарбаз" әскери-патриоттық және Ұлттық ұлан батырлары атындағы ерлік сыныбының ашылу салтанаты өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл игі шара Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланымен бірлесе отырып, Алматы қалалық білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Әскери-патриоттық бағыттағы іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, туған жерге деген құрметті, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру. Батыр бабаларымыздың және қазіргі заман батырларының ерліктерін үлгі ете отырып, оқушыларды батылдыққа, төзімділікке, тәртіпке және жауапкершілікке тәрбиелеу. Сондай-ақ спорттық шаралар, оқу-жаттығулар арқылы жастардың денесін шыңдап, салауатты өмір салтын ұстануға баулу.
Шарада 5571 әскери бөлімінің әскери оркестрі патриоттық әндерді орындап, оқушыларды рухтандыра түсті. Бұдан әрі мерекелік көңіл күймен Ұлттық ұлан батырлары атындағы ерлік сыныбының салтанатты ашылу рәсімі болды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа сыныптың лентасын Ұлттық ұлан ардагері отставкадағы полковник Сәбит Аймағамбетов, мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Салтанат Ашимбаева және Алматы қалалық дене шынықтыру және спорт ғылыми-зерттеу орталығы алғашқы әскери және технологиялық дайындық бөлімінің жетекшісі Марат Қанатов қиды.
Іс-шара қонақтары Отанға адал болуға ант берген жас сарбаздарға сәттілік тілеп, осындай іс-шаралардың өскелең ұрпақ тәрбиесі үшін маңызын атап өтті.
