Алматыда үш күн ішінде полицейлер көшеде жүрген 250-ден астам жасөспірімді анықтады
Алматыда үш күн ішінде полицейлер көшеде жүрген 250-ден астам жасөспірімді анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында үш күн ішінде түнгі уақытта қараусыз жүрген 252 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Оның ішінде 42 жасөспірімнің ата-анасының қарауынсыз өзге өңірлерден келгені белгілі болды.
Бұл деректер жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталды.
Үш күн бойы полиция қызметкерлері білім беру және әлеуметтік қорғау органдарының өкілдерімен бірлесіп, қала көшелері мен аулаларын, компьютерлік клубтарды, ойын-сауық орындарын және жасөспірімдердің түнгі уақытта болуы ықтимал басқа да орындарды тексерді.
Полицияның мәліметінше, 252 кәмелетке толмаған жасөспірім түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз тұрғын үйден тыс жерде жүрген. Аталған деректер бойынша ата-аналарына қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қолданылды.
Сонымен қатар Алматы қаласына басқа өңірлерден келген және ата-анасының қарауынсыз жүрген 42 жасөспірімнің жағдайын анықтап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар Балаларды қолдау орталығына орналастырылды.
Бұдан бөлек, полицейлер ішкі істер органдарының есебінде тұрған 264 қолайсыз отбасының тұрмыс жағдайын тексерді.
Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Асхат Құлбаевтың айтуынша, түнгі рейдтердің негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
- Түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз көшеде жүрген әрбір бала қауіп-қатер аймағында болады. Мұндай жағдайда ол қылмыстың құрбанына да, құқыққа қарсы әрекеттердің қатысушысына да айналуы мүмкін. Біздің міндетіміз – осындай жағдайларды дер кезінде анықтап, жасөспірімдерді үйлеріне қайтарып, ата-аналарға балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қатысты жауапкершілігін еске салу, – деді Асхат Құлбаев.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, анықталған жасөспірімдердің басым бөлігі профилактикалық әңгімеден кейін ата-аналарына тапсырылды. Сонымен қатар ата-аналарға кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз үйден тыс жүруіне жол бермеу қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларының қайда және кіммен жүргенін бақылауда ұстап, әсіресе кешкі және түнгі уақытта оларды назардан тыс қалдырмауға шақырады.
