Алматыда ұшақ апатынан қаза болған әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаровты еске алу рәсімі өтті
Алматыда ұшақ апатынан қаза болған әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаровты еске алу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, «Генералдар кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестігі Президиумының алғашқы төрағасы, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаровтың қайтыс болғанына бес жыл толуына орай Алматыда еске алу шарасы ұйымдастырылды.
Шара марқұмның отбасы тұрған үйдің ауласында өтіп, оған генерал Қайдаровтың туыстары мен жақындары, әріптестері, сондай-ақ Алматы қалалық полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы қатысты.
– Рүстем Есімханұлы қазақ полициясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, адал қызметі мен жанқиярлық еңбегі арқылы ел құрметіне бөленген тұлға. Ол бүгінгі ұрпаққа ерлік пен адалдықтың, шынайы патриотизмнің үлгісін көрсеткен азамат. Лайықты офицерлерді тәрбиелеп, құқық қорғау саласының беделін арттырды. Генерал Қайдаров қатардағы полицейлердің мүддесін қорғауға ерекше көңіл бөлді. Ардагерлерге қолдау көрсету жолында да зор еңбек сіңірді», – деп атап өтті «Генералдар кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бексұлтан Сәрсеков.
Әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров – қазақ полициясының тарихында ерекше орын алатын көрнекті тұлға. Ол КСРО Ішкі істер министрлігінің үздік қызметкерлерінің бірі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері, құқықтану және экология саласындағы танымал ғалым болды.
Рүстем Есімханұлы Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының толық корреспондент мүшесі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Халықаралық экологиялық палатаның құрметті профессоры атанды. 20-дан астам ғылыми мақала мен оқу құралдарының авторы, Қазақ КСР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің авторларының бірі болды.
Оның еңбегі тек елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары бағаланды. БҰҰ-ның есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссиясының 39-сессиясында Қазақстан делегациясының құрамында жұмыс істеп, Минск конвенциясын әзірлеу жөніндегі делегацияны басқарды. Рүстем Қайдаров Ресей Федерациясының «Парасат», «Достық жұлдызы», «Ерен еңбегі үшін» ордендерімен, сондай-ақ КСРО, Қазақстан, Ресей, Украина және Беларусьтің 30-дан астам медалімен марапатталған.
2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыда болған ұшақ апатында 14 адам қаза тапты. Сол қайғылы оқиғадан ел үшін адал қызмет еткен әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров та қаза болды.
Генерал Қайдаровтың өмір жолы мен еңбегі – адалдықтың, патриотизмнің және қайсарлықтың айқын үлгісі. Оның есімі мен еңбектері халық жадында мәңгі сақталады.