Алматыда "Заң мен Тәртіп өзіңнен басталады!" атты іс-шара өтті
Алматыда "Заң мен Тәртіп өзіңнен басталады!" атты іс-шара өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Алматы қалалық полиция департаментінің мәжіліс залында Алматы қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі полиция департаментімен бірлесе ұйымдастырған дәрістік шара өтті.
Жиын "Заң мен Тәртіп өзіңнен басталады!" ұранымен өтті және адалдық, әділдік және әлеуметтік жауапкершілік құндылықтары туралы ашық және мазмұнды әңгімелесу алаңына айналды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік идеологиясын дамыту, құқықтық сананы күшейту, заң мен заңдылық қағидаттарын құрметтеуге тәрбиелеу.
- Бүгінгі күні әрбір азаматтың заңның сақталуына жеке жауапкершілігін сезінуі бұрынғыдан да маңызды болып отыр. Қоғамда қолдау мен сенім болған кезде полиция жұмысы нәтижелі болады. Біз қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау үшін ашық диалогқа, бірлескен жұмысқа дайынбыз, — деді Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.
Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Арман Рахимов алдын алудың қажеттілігін атап өтті. "Сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күрескеннен гөрі оның алдын алу оңай. Біз адал мемлекет құрып жатырмыз, бұл үдерісте әрбір адамның рөлі маңызды. Айқындық, есеп берушілік, жариялылық – бұл біздің басымдықтарымыз".
Қатысушылардың ерекше назары, қызметтің құрметті ардагері, Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы басшысы, өмірлік және кәсіби тәжірибесі мол азамат - Алик Шпекпаевтың сөзіне аударылды.
— Өзімізден бастамасақ, ешбір заң жұмыс істемейді. Әркім өз орнында адал болмайынша ешбір реформа нәтиже бермейді. Мемлекеттегі тәртіп әрқайсымыздың басымыз бен жүрегіміздегі тәртіптен басталады. Не істесең де - бәрін ар-ұжданмен істе, — деді Алик Шпекпаев.
Кездесуге қатысушылар тақырыптық бейнематериалды көріп, нақты мысалдарды талқылады және баяндамашыларға сұрақтар қойды. Іс-шара шынайы қызығушылық пен өзара түсіністік жағдайында өтті, қатысушыларға құқықтық және әділ қоғам құрудағы өз рөлін түсінуге серпін берді.