Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда зейнеткер өзін ірі интернет-алаяқтықтан сақтап қалған полицейлерге алғыс білдірді

Алматы тұрғыны өзін ірі интернет-алаяқтықтан сақтап қалған полицейлерге алғыс білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласы полиция департаментіне бірнеше апта бұрын интернет-алаяқтардың қақпанына түсе жаздаған зейнеткер келіп, киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлеріне өз алғысын жеткізді.

Еске сала кетейік, алаяқтар мемлекеттік органдардың қызметкері ретінде танысып, егде жастағы азаматты "ақшаны қауіпсіз сақтау үшін" ірі соманы тапсыруға сендірмек болған. Ал полицейлер бұл жағдайды дер кезінде тоқтатты.

Жедел іс-қимылдардың нәтижесінде полицейлер курьерді және қылмыстық схеманың өзге де қатысушыларын қолға түсіріп, зейнеткердің барлық қаражатын қайтарып берген.

- Ол күнді әлі күнге дейін көз жасыммен еске аламын. Егер полиция қызметкерлері болмағанда, өмір бойы жинаған ақшамнан айырылар едім. Көрсеткен қамқорлықтарыңыз бен қолдауларыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Мен сияқты жағдайға ешкім тап болмасын, – деді тұрғын.

Қалалық ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев алаяқтардың мемлекеттік орган қызметкері ретінде өзін таныстыру арқылы азаматтарға психологиялық қысым көрсетуді жалғастырып отырғанын еске салды.

- Біз әрқашан азаматтарды қорғауға дайынбыз. Бірақ бір нәрсені есте сақтау қажет: ешбір мемлекеттік орган сізге хабарласып, қаражатты қауіпсіз жерге сақтау туралы айтпайды. SMS-кодтарды сұрамайды. Сондықтан күдік тудырған жағдайда дереу полицияға хабарласыңыздар, - деді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру