Алматыда жалдамалы пәтерде шағын АТС ұйымдастырған күдікті ұсталды
Алматыда “Киберпол” қызметкерлері қалалық прокуратураның үйлестіруімен арнайы операция жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Операция барысында тұрғын үй кешендерінің біріндегі жалдамалы пәтерде ұйымдастырылған шағын автоматты телефон станциясы анықталды. 26 жастағы азамат ұсталды.
– Үйді тінту кезінде 32 SIM-карта слоты бар SIM-қорап жабдығы, сондай-ақ ұялы байланыс компанияларының біріне тиесілі 285 SIM картасы табылды. Бұл жабдықты интернет-алаяқтар анонимді болып қала отырып, әртүрлі интернет-қызметтерді және мессенджерлерді белсендіру, аккаунттарды тіркеу үшін пайдаланады, олардың көмегімен алаяқтар басқа елде бола тұра қазақстандықтарға телефон соғады. Күдікті осы жабдықты орнату, қосу және слоттардағы SIM-карталарды ауыстырудан тұратын “жұмысты” интернеттен тапқанын айтты. Қазіргі уақытта қылмыстық іс аясында жедел шаралар жүргізіліп жатыр. Ұсталған азамат қамауға алынды, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатов.