Алматыда жалған полиция қызметкерлері массаж салонынан ақша алып жүрген
Алматыда жалған полиция қызметкерлері массаж салонынан ақша алып жүрген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
36 жастағы С.есімді азамат пен 31 жастағы К.есімді азамат өзін ішкі істер органдарының қызметкерлеріміз деп таныстырған. Олардың біреуі, белгілі болғандай, бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін сотты болған.
– Оларды біздің бөлімше қызметкерлері Бостандық аудандық ПБ-дағы әріптестерінің көмегімен әшкереледі. Қаскөйлер өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, жауапқа тартамыз деп қорқытып, массаж қызметін көрсететін салоннан бірнеше рет ақша алғандығы анықталды. Күдіктілер өз кінәсін мойындады. Олардың әрекеттері ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігімен квалификацияланған. ҚР ҚІЖК-нің 128-бабына сәйкес күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеудің толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, – деді Алматы қалалық ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Ерік Жұмабай.
Сонымен қатар ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.