Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда жалған түбіртектермен алаяқтық жасаған күдікті ұсталды

Алматыда жалған түбіртектермен алаяқтық жасаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алмалы ауданының полиция қызметкерлері алаяқтық қылмысын жасады деген күдікпен тұрғынды ұстады. Анықталғандай, ол бұған дейін де алаяқтық фактілер үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті шағын азық-түлік дүкендерінің иелері мен сатушыларын алдау арқылы пайда тапқан. Ол арнайы қосымшаларды пайдаланып, тауар үшін онлайн төлем жасалғаны туралы жалған электронды чектерді алдын ала дайындаған. Дүкенде есеп айырысу кезінде сатушыға жалған чек көрсетіп, ақша аударылғандай әсер қалдырған, алайда нақты төлем жасалмаған. Осылайша тауарды ақысыз алып отырған.

Аталған дерек бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктінің қылмыстық әрекеттерінің барлық эпизодтары мен жәбірленушілер анықталып жатыр.

– Күдікті алдын ала ойластырылған схема бойынша әрекет еткен. Қосымшалар арқылы онлайн төлем жасалғаны туралы жалған чектер дайындап, шағын дүкендердің сатушыларын адастырған. Көп жағдайда есеп айырысу қолма-қол ақшасыз жүргізілетіндіктен, адамдардың мұқият тексермейтініне сенген. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, жәбірленушілердің толық тізімі анықталуда, - деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.

Полиция кәсіпкерлер мен сауда саласы қызметкерлерін сақ болуға шақырады. Төлем қабылдау кезінде тек сатып алушы көрсеткен скриншоттар мен электронды чектерге ғана сенбей, қаражаттың нақты шотқа немесе банк қосымшасына түскенін міндетті түрде тексеру қажет.

https://youtu.be/zrpvsXcOqEs

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру