Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда жаңа оқу жылына орай қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Жаңа оқу жылының басталуына орай Алматы қаласында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл мақсатта патрульдік бағыттарға қосымша мектеп инспекторлары, учаскелік полицейлер және патрульдік экипаждардың қызметкерлері тартылды.

Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровтың айтуынша, балалардың тыныштығы мен қауіпсіздігі – тәртіп сақшыларының негізгі міндеттерінің бірі.

- Профилактика жылы аясында біз мектептер маңындағы қауіпсіздік шараларына, құқықбұзушылықтың алдын алуға және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Ата-аналармен, ұстаздармен және қоғам өкілдерімен бірлесіп, әрбір оқушы үшін қауіпсіз орта қалыптастырып келеміз. “Заң және тәртіп” қағидаты – біздің басты бағдарымыз. Балалар сабағына алаңсыз барып, қорғалған ортада дамуы тиіс, – деді ол.

Жазғы демалыс кезеңінде тәртіп сақшылары мүдделі органдар мен қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, "Демалыс", "Түнгі қаладағы балалар", "Жасөспірім" сияқты бірнеше профилактикалық акция өткізген. Бұл іс-шаралар барысында құқықбұзушылыққа бейім жасөспірімдер, қолайсыз отбасылар және көмекке мұқтаж балалар анықталды. Шаралардың басты мақсаты – нақты көмек көрсету және құқық бұзушылықтың алдын алу.

Сонымен қатар жол қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде: мектеп маңындағы жол белгілері мен жолақтары жаңартылып, қоршаулар орнатылып жатыр. Балаларды тасымалдау талаптарына бақылау күшейтілді. Ювеналдық полиция өкілдері оқушылар арасында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, буллинг, киберқауіптер және жыныстық қолсұғылмаушылыққа қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Полиция ата-аналарды заң талаптарын қатаң сақтауға, балалардың бос уақытына мән беруге және ұстаздар мен тәртіп сақшыларымен тығыз байланыста болуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру