Алматыда жаңа полиция бөлімі құрылды
Бүгін Алатау аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің ресми ашылуы өтті, іс-шараға аудан әкімі, сондай-ақ, Алматы қалалық Полиция департаментінің басшылығы қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алатау ауданы – қаланың жаңа аудандарының бірі болып табылады. Ондағы адам саны жыл сайын жаңа ықшамаудандар мен көпқабатты үйлердің салынуына байланысты көбейіп келеді. Қазіргі кезде Алатау ауданы халық саны бойынша Бостандық және Әуезов сияқты ірі аудандармен теңеседі. Алатау ауданында халық санының артуын ескере отырып, қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға жедел ден қою мақсатында қала әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Алатау аудандық Полиция басқармасының жанында полиция бөлімін құру туралы шешім қабылдады. Министрліктің бұйрығымен ішкі кадрлық өзгерістер есебінен жаңа бөлімшеге 90 штат енгізілді, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбдуали Нашарбеков.
Полиция бөлімі Нұркент шағын ауданы 5/16 мекенжайында орналасқан. Қала әкімдігі бөлген ғимараттың ауданы 400 шаршы метрді құрайды. Бұл – жертөлесі бар екі қабатты ғимарат.
Полиция бөлімі Райымбек батыр даңғылы – Саин даңғылының бұрышы, Райымбек батыр даңғылы – Теректі ауылының басы, Мөңке би көшесі Теректі ауылының жалғасы, Мөңке би көшесі – Саин даңғылының бұрышы сияқты аумаққа қызмет көрсетеді.