Алматыда жас полицейлерге алғашқы шендері табысталды
Алматыда жас полицейлерге алғашқы шендері табысталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында жаңа полиция офицерлеріне арналған салтанатты шен тапсыру рәсімі өтті.
Шараның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа-тұс келуі – ерекше мәнге ие. Іс-шара ішкі істер органдары жүйесіндегі ең ірі бөлімшелердің бірі – жылдам қимылдайтын арнайы жасақ базасында ұйымдастырылды.
Қырық жас офицер алматылық полицияның қатарына қосылып, қызметке айрықша абырой мен жауапкершілікпен кірісті. Шендерді Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Арыстанғали Заппаров салтанатты түрде табыстады.
- Бүгін сіздер тек полиция қызметкері ретінде емес, мемлекеттік рәміздердің, Заң мен тәртіптің қорғаушысы және еліміздің бет-бейнесі ретінде қызметке кірісіп отырсыздар. Әрқайсысыңыз енді Алматы тұрғындарының тыныштығын қорғап жүрген үлкен әрі мықты команданың бір бөлшегісіздер. Бұл шендер сіздерге абырой, жауапкершілік пен парызды әрдайым еске салып тұрсын. Сіздер – біздің полицияның жаңа буыны екендеріңізбен мақтанамын!, – деді Арыстанғали Заппаров.
Салтанатты рәсім Қазақстан полициясының құрылғанына 33 жыл толуына орай өткізілетін айлықтың бір бөлігі болды. Айлық аясында қала бойынша қоғамдық сенімді арттыруға, полиция қызметін насихаттауға және "Заң және тәртіп" қағидатын ілгерілетуге бағытталған имидждік әрі идеологиялық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Алматы полициясы жаңару, кәсібилік және қоғамға ашықтық бағытын жалғастыруда. Жаңа офицерлер қаланың аумақтық бөлімшелері мен патрульдік полиция қызметіне кірісті.