Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда "Жас сақшы" полиция сыныбының үздік оқушылары марапатталды

Алматыда "Жас сақшы" полиция сыныбының үздік оқушылары марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қолдауымен ашылған "Жас сақшы" мамандандырылған сыныптарының оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты шара өтті.

Қазіргі таңда Алматы қаласындағы 10 мектепте "Жас сақшы" жобасы табысты жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында 11 мамандандырылған полиция сыныбында 300-ге жуық оқушы білім алуда. Жобаның басты мақсаты — жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, құқықтық мәдениетті арттыру және болашақ ел қорғаушыларын тәрбиелеу.

Салтанатты жиында Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Әділғожа Құсайынов жиналғандарға жүрекжарды лебізін білдірді.

— Құрметті әріптестер, ұстаздар, әскери жетекшілер, ата-аналар және, ең бастысы, ардақты жас сақшылар! Бүгін – ерекше күн. Біз оқу жылының қорытындысын шығарып, үздік жетістіктерге жеткен оқушыларды марапаттаудамыз. Бұл – баршаға ортақ мақтаныш сәті. "Жас сақшы" жобасы аясында оқушылардың тәртіпке бағынуы, жауапкершілігі мен құқықтық сауаттылығының артқанын байқадық. Биыл 46 оқушы оқу озаты атанып, мәдени, спорттық және патриоттық шараларға белсене қатысып, елге адалдық танытты. Ұстаздар мен әскери жетекшілерге алғысымды білдіремін – сіздердің еңбектеріңіз – еліміздің жарқын болашағына негіз. Қымбатты оқушылар! Білімге құштар болыңдар, елге адал қызмет етіп, қатарластарыңа үлгі болыңдар. Сендер – Қазақстанның болашағысыңдар, — деді ол.

Шара барысында маңызды сәттің бірі – жас арнайы жасақ қызметкерлерінің халық пен заңға адал болуға салтанатты түрде ант беруі болды. Бұл – аса жоғары жауапкершілікті талап ететін әрі мақтанышқа лайық қадам.

Іс-шара соңында оқу мен спортта үздік нәтиже көрсеткен оқушылар, оларды тәрбиелеген ұстаздар мен арнайы жасақ офицерлері лайықты марапаттарға ие болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру