Алматыда жас жол инспекторларының жиыны өтті
Алматыда жас жол инспекторларының жиыны өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқушылар сарайында жас жол инспекторларының (ЖЖИ) қалалық жиыны өтті. Оны Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы, білім басқармасы және “Оқушылар үйі” МККК бірлесіп ұйымдастырды.
Шара Алматы қаласының жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары арасында командалық біріншілік форматында өтті.
Жиынның мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды жақсарту, сондай-ақ қоғам мен мүдделі органдардың назарын балалардың жол қауіпсіздігі мәселелеріне аудару.
— ЖЖИ жиыны – жай жарыс емес, бұл нағыз азаматтық жауапкершілік пен көшбасшылықтың мектебі. Ішкі істер министрлігі жариялаған “Профилактика жылында” мұндай шараларға балалардың қатысуы ерекше маңызға ие. Өскелең ұрпақты жолда қауіпсіз жүруге тәрбиелеу – отбасы, мектеп, полиция және қоғам бірлесе шешуге тиіс маңызды міндет, - деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Жарыс қорытындысы бойынша No156 жалпы орта мектебінің командасы жеңімпаз деп танылып, республикалық жас жол инспекторлары слетінде Алматы қаласының намысын қорғайтын болады.
Полиция барлық қатысушыларға, мұғалімдерге, тәлімгерлерге және ата-аналарға алғысын білдіреді, сондай-ақ ЖЖИ қозғалысы әрі қарай дамып, жаңа ұрпақты қауіпсіздікке қызмет етуге шабыттандырады деп үміттенеді.