Алматыда жасөспірімдерге арналған әскери-патриоттық фестивальге танымдық саяхат ұйымдастырылды
Алматыда жасөспірімдерге арналған әскери-патриоттық фестивальге танымдық саяхат ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінің ювеналды полиция қызметі "Жасөспірім" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында "Аманат" партиясының қолдауымен ерекше тәрбиелік маңызға ие бастаманы жүзеге асырды. Қаладағы сегіз ауданнан іріктелген 80 жасөспірімге әскери-патриоттық фестивальге қатысу мүмкіндігі ұсынылып, олар үшін арнайы саяхат ұйымдастырылды.
Іс-шараға белсенді азаматтық ұстанымымен танылған, мектеп қабырғасындағы "Жас патриоттар" мен "Жас әскерлер" қозғалысына қатысушы балалар шақырылды. Олардың арасында қиын өмірлік жағдайға тап болған жасөспірімдер де бар.
Бұл сапар көптеген қатысушылар үшін патриоттық рух пен бірлік, өзара құрмет пен сенімнің ерекше атмосферасын алғаш рет сезінуге мүмкіндік берді. Саяхаттың басты мақсаты – жасөспірімдерге жауапкершілік сезімін ұялату, заңға, қоғамға және өз-өзіне деген құрметті қалыптастыру болды.
Жасөспірімдер үлгі тұтар қатарластарымен жақын байланыс орнатып, оң бағыттағы өмірлік жолды таңдауға ынталанды. Олар өз бойынан жаңа сенім мен күш-қуатты сезініп, болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік алды.
– Біз профилактикалық жұмысты тек бақылау және ескерту шараларымен шектемейміз. Тәрбиелік бағыттағы мұндай іс-шаралар балалардың теріс ортадан алыстап, өмірдің жарық жолын көруіне сеп болады. Әр жасөспірім – ел үміті. Ол өз еліне, отбасына тірек болар тұлғаға айнала алатынын түсінуі қажет, – деді Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция бөлімінің бастығы Жанна Шонжанова.
Алматы полициясы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастырып, терең тәрбиелік және түсіндіру шараларына айрықша көңіл бөлуде. Мұндай жобалар жасөспірімдердің санасына оң ықпал етіп, қоғамға лайықты азамат болып қалыптасуына жол ашады.